Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген - Білім және ғылым министрі
Оның жұмысына Ұлттық ҚР Ұлттық университеттерінің ректорлары, республикалық ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, ҚР Ғылым академиясының академиктері қатысты. Аталмыш шараға ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов арнайы қатысып, Білім және ғылым министрлігінде атқарылып жатқан жұмыстар мен осы саланың келешегі туралы кеңінен тоқталды.
«Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама бұрынғы құжаттардан мазмұны және алға қойылған мақсаттары жағынан мүлде өзгеше. Үкімет бағдарламаның 1-кезеңін іске асыру үшін 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Бюджеттің қазіргі мөлшеріне қосымша, алғашқы 5 жылға, яғни 2011-2015 жылдарға жарты триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Білім сапасын арттыру үшін Мемлекеттік бағдарламада көптеген міндеттер жүктелген. Бұл - мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамту және e-learning электронды оқыту жүйесін толық меңгеру. Орта мектепте 12 жылдық оқытуға көшу және педагог мәртебесін арттыру мәселесі мұғалімдер корпусын ғана емес, жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерді қамтиды. Техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделін енгізу және тағы басқа көптеген мәселелер қарастырылған», - деді министр.
Оның айтуынша, Мемлекеттік бағдарламада жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген. «Бұл жерде негізгі салмақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға түседі. Саны көп, сапасы жоқ оқу орындарында мамандар даярлау деңгейі өте төмен. Бүгінде кейбір «мүйізі қарағайдай» университеттер мен академиялардың шын мәнінде сол атқа лайықсыз екенін баршаларыңыз жақсы білесіздер. Бұдан былай жоғары оқу орындарын жіктеудің жаңа тетігі енгізіледі, олар: Ұлттық зерттеу университеттері; Ұлттық жоғары оқу орындары; Зерттеу университеттері; Университеттер; Академиялар; Институттар. Халықаралық тәжірибе негізінде жаңа жіктеудің әрбір деңгейі үшін әлемдік практикаға сай қатаң өлшемдер әзірленуде. Енді осы өлшемдерге сәйкес келмейтін жоғары оқу орындары өздері қорытынды жасап, әрі қарай жұмыстарын тоқтатуын заңды деп білеміз. Яғни, жоғары оқу орындары күштеп қысқартылмайды, тек сапасына қарай топталады. Осылайша, жоғары білім жүйесін реттеп, мамандар даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік туады», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, енді - «Зерттеу университеттері» қолданысқа енгізілмек. Ол оқу орындары білім берумен қатар, ғылыми зерттеулерге ерекше көңіл бөлетін болады.