Білім беруді экономикалық өсу моделінің орталық буынына айналдыру міндеті қойылып отыр - Есполов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауы қазіргі заман талабына сәйкес еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін шыңдайтын құжат, деді Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов «Агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасы дамуының драйвері» атты республикалық форумда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл құжатта (Жолдауда - ред.) Қазақстанның Үшінші жаңғыруына сай атқарылатын шаралар кешені толықтай қамтылған. Елбасының стратегиялық жоспарларының табысты жүзеге асырылуының нәтижесінде, Қазақстанды жаңғыртудың екі қадамын артқа тастап, Үшінші жаңғыруға қадам бастық. Бұл жаңғыру - бес басымдыққа негізделген», - деді ректор.
Сонымен қатар, ғалым баяндамасында ел дамуының стратегиясын дұрыс таңдап, оны әрi қарай жүзеге асыру бірінші кезекте адам капиталына байланысты екенін тілге тиек етті.
«Сондықтан, бүкіл әлемдік жүйедегі болашақ орны мен рөлі адам капиталының сапасына қатысты болғандықтан Мемлекет басшысы бұл мәселеге терең мән беріп отыр. Мен аталған басымдықтардың ішіндегі адами капитал сапасын жақсартуға бағытталған төртінші басымдыққа тоқталып кетейін. Кез-келген елдегi бiлiм беру жүйесi ұлттық мәдениеттiң және танымның көрсеткiшi ретінде экономика, саясат, мәдениет саласындағы өзгерiстерге де әсер етеді. Бiлiм бүкiл әлемде тұлғаны әлеуметтiк-экономикалық үдеріске тиiмдi қатысуын қамтамасыз ететiн негiзгi фактор. Сондықтан, Елбасы төртінші басымдықта білім беру жүйесінің атқаратын рөлін өзгертуге аса мән берді. Демек, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру міндетін қойып отыр», - деді Тілектес Есполов.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 31 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын жария етті.