Білім гранттарын бөлу құзіретін АШМ-ге де берген дұрыс - «Ауыл» партиясы
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім гранттарын таратуды құзіретті министрлікке беруді ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Партия басшысы Әли Бектаевтың айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы саласында маман даярлайтын жоғары оқу орындары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Бірақ мемлекеттік тапсырысты ҚР Білім және ғылым министрлігі жасап, білім гранттарын бөліп отырады.
«Қазір біз сол гранттарды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру мәселесін көтеріп жатырмыз. Аталған министрлік мамандарды өзі даярлап жатқаннан кейін гранттарды да өзі бөлуі керек. Себебі қай мамандыққа қанша грант беру керектігін тек сол сала мамандары ғана біледі», - деді Ә.Бектаев «Ауыл» ХДПП-ның кезектен тыс XIV сьезінде.
Оның ойынша, жас мамандарды ауылға тартудың тиімді жолдарын табу қажет. Өйткені қазіргі жастар университет бітірсе де, ауылға барғысы келмейді.
«Мен бір ғана мысал келтірейін, қазір Қазақстанда мал дәрігері мамандығы бойынша қызмет етіп жүргендердің орташа жасы 50-ден асып отыр. Олардың алатын айлығы 50-60 теңгенің шамасында. Ал мал дәрігері - ол ауыл шаруашылығында ең маңызды әрі ең қажет мамандық. Оны бәріміз жақсы білеміз. Университет қабырғасынан енді шыққан жастардың қазіргі жағдайды көргенен кейін ауылда еңбек етуге қызығушылығы болмайтыны анық. Сондықтан жастарды ауылға тартудың тиімді жолдарын қарастыру қажет», - деп атап көрсетті Ә.Бектаев.
Айта кетейік, бүгін Астанада «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XIV сьезі өтті. Күн тәртібінде президиум құрамына өзгеріс енгізу мәселесі де болды. Ал партия төрағасы Әли Бектаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл жастарын көбірек оқыту мәселесін көтерді. «Ауыл» өз депутаттарын арттыруды көздейді.