Білім күні Алматы қаласының әкімі №1 мектеп- интернатының салтанатты жиынына қатысып, мектепке плазмалық теледидар сыйлады
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мектеп 1931 жылы «Саңырау балаларға арналған институт» ретінде ашылған болатын. Бұл мектеп Қазақстандағы саңырау балалар білім алатын алғашқы оқу орындарының бірі. 1964 жылы қолданысқа берілген мектеп ғимараты биыл күрделі жөндеуден өтіп, интернатта 192 орынға арналған жаңа жатақ ғимараты ашылды. Жатақ үй 250 орынға есептелінген. Өкімет қарамағындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 520 миллион теңге, ал инженерлік жүйені ретке келтіруге 22 миллион теңге бөлінді. Қала әкімі балалардың есту қабілетін дамытатын арнайы құралдарман жабдықталған 4 үлкен ойын залын, спорттық залды, жуынатын, киім ілетін бөлмелерді, мектеп асханасын, оқу корпусіндегі 47 оқу кабинеттерін, 11 есту жұмыстарын реттейтін бөлмелерді, акт залын аралап шығып, атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді.
«Бүгінгі күні мұнда 140 бала білім алуда. Балалар бес уақыт тамақтанады. Олармен 67 мұғалім мен тәрбиеші жұмыс істейді. Оның 34 мұғалімінің арнайы білімі бар. Мектеп балаларға қажетті барлық құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бір сыныпта 6-8 баладан оқиды. Сабақ арнайы оқу-әдістемелігімен жүргізіледі. Мектеп жұмысының басты мақсаты - сөйлеу және есту қабілеттері төмен балалардың білім алуына және олардың әлеуметтік ортаға үйренуіне қызмет ету біздің басты міндетіміз», дейді мектеп директоры Александра Днишева.
Ахметжан Есімов балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, ұстаздарға алғысын білдіріп, мектепке плазмалық теледидар сыйлады.
Қала әкімі «Мемлекет сіздерді еліміздің толыққанды, лайықты азаматтары болуы үшін барлығын жасауға атсалысады», деп атап өтті.