Білім мен инфрақұрылымға инвестиция салу басты мақсат - ҚР Премьер-Министрі

ЛМАТЫ.Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Алматыда өтіп жатқан IV Қазақстандық инвестициялық форумның «Қазақстандағы инвестицияның болашағы» секциясы жұмысына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.

Білім мен инфрақұрылымға инвестиция салу басты мақсат - ҚР Премьер-Министрі

Ол форум қонақтарының Қазақстандағы инвестицияның болашағына қатысты бірқатар сұрақтарына жауап берді.

«Болашаққа инвестиция салудың 3 жолы бар. Біріншісі, болашаққа ештеңе салмай мұнай мен газдан түскен қаржыны жұмсау. Бұл жол ешқайда апармайды. Екіншісі, сыртқы әлемнен тыс іштей даму. Қазір бұл бағытты қолдаушылар көп. Өйткені оларға сыртқы әлеммен бәсекеге түспей өмір сүру қолайлы. Бұл жол да оң бағытты емес. Біз үшінші жолды таңдадық. Ол білім мен инфрақұрылымға инвестиция салу. Әрине, білім саласы бірден нәтиже бере қоймайды. Алайда біз бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау арқылы болашақта дамудың жаңа мүмкіндігіне қол жеткізе алатындығымызға сенім білдіреміз. Біз әлем алдында бәсекеге қабілетті болуымыз қажет. Сондықтан инфрақұрылымға инвестициялау басты мақсат. Біз түбінде ДСҰ-ға кіретін боламыз. Сонда сапалы білім мен өнімге салған инвестиция жеміс беретін болады. Қазақстан ұзақ мерзімді, бірақ болашағы үлкен бағытты инвестициялау жолын таңдап алды», деді Үкімет басшысы. Ол сондай-ақ шағын бизнеске жағдай жасау, бұл бағыттағы кедергілерді жою, әлемдік бәсекеге қабілетті өнім өндіруге де инвестиция салуды басты мақсат деп білетінін жеткізді.