Білім министрі Алматыдағы ҰБТ-ның өткізілу барысымен танысты

АНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші күні, 5 маусымда 25 760 мектеп бітіруші түлек еліміздің өңірлеріндегі 63 емтихан қабылдау қосынында ұлттық тестілеу тапсырды.

Білім министрі  Алматыдағы  ҰБТ-ның   өткізілу  барысымен  танысты

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бұл күні Алматы қаласындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізілу барысымен танысты.

Министр жұмыс сапарын Қазақтың Абай атындағы ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінен бастады. Ең көп түлек тест тапсырып жатқан ірі орталықтар осы оқу орындарында орналасқан, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Емтихан басталмас бұрын министр мен министрліктің өкілдері, комиссия төрағалары мен тест тапсыру қосындарының директорлары аудиторияларды аралады. Министр емтихан тапсыруға жиналған оқушыларға толқуларын басып, ең басты емтиханды сәтті тапсыруға тілек білдірді.

Бақытжан Жұмағұлов сондай-ақ жеке жоғары оқу орындарының бірі -Алматы технологиялық университетінде болып, ата-аналармен кездесті, олардың ой-пікірлерін тыңдады.