Білім министрі ең үздік ғылыми зерттеу жұмыстары үшін еліміздің бір топ ғалымын марапаттады
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев жаратылыстану, гуманитарлық және педагогикалық ғылымдар саласындағы ең үздік зерттеулері үшін еліміздің бір топ ғалымына атаулы сыйлықтарды табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байқауға барлығы 127 ғылыми жұмыс ұсынылды, бірақ олардың арасынан, ғылыми терең мазмұнымен,теориялық және практикалық тұрғыдағы маңыздылығымен ерекшеленген тек 12-сі ғана таңдап алынып, жеңімпаз деп танылды.
Ж.Түймебаев ғалымдарды құттықтай келе: «Бұл дәстүрлі байқауда жеңімпаз атану, ғылыми элита мен шығармашылық зиялы қауым үшін маңызы ерекше, себебі ол Қазақстанның аса танымал ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің аттарымен аталады», - деп атап өтті.
Ең үздік ғылыми жұмыстардың иелеріне - Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулер үшін К.Сәтбаев атындағы; Гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми жетістіктері үшін Ш.Уәлиханов атындағы; Педагогика саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін Ы.Алтынсарин атындағы; Түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы; Жаратылыстану ғылымдары саласындағы жас ғалымдардың үздік жұмыстары үшін Д.Қонаев атындағы және Гуманитарлық ғылымдар саласындағы жас ғалымдардың үздік жұмыстары үшін М.Әуезов атындағы сыйлықтар табыс етілді.
Олардың арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің мәдени антропология кафедрасының профессоры Тұрсын Ғабитов, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Еуразия» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Қойшығара Салғараұлы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қазақстандық филиалының математика және информатика кафедрасының доценті Қуаныш Бекмағанбетов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Жалпы педагогика» кафедрасының қызметкері Назгүл Анарбек және басқалар бар.