Білім министрі Көкшетауда салынып жатқан мектептер құрылысының барысымен танысты

КӨКШЕТАУ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына сапармен келген ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Көкшетау және Шортанды қалаларында салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысып, бұл бағыттағы атқарылуға тиісті іс- шараларға баса назар аударды,

Білім министрі Көкшетауда салынып жатқан  мектептер құрылысының барысымен танысты
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жаңа оқу жылында балғындарға есігін айқара ашуға тиісті білім ошақтарында құрылыс жұмыстары қарқынды, жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Құрылысты министр облыс әкімі Альберт Раумен бірге аралап, өз көзімен көріп, оң бағасын берді. ҚР Тұңғыш Президентінің интеллектуалды физика-математика мектебі 1200 оқушыға арналған. Құрылыс жұмыстарын астаналық «Құлагер» компаниясы атқаруда. Осы мақсатқа республика бюджетінен 1113 миллион теңге қаржы бөлінген. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Шортанды қаласында құрылысы қолға алынған мектепке мемлекет қазынасынан 1150 миллион теңге бөлініп отыр. Құрылысты Орал қаласының «Өндіріс құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Мектепте мультимедиа, лингафон кабинеттері, асхана, шеберхана, акт және спорт залдары, қысқы бақ ескерілген. Жаңа білім ошағында 750 балғын білім алатын болады.Өз кезегінде БАҚ өкілдерімен кездесу барысында министр мырза білім ошақтарының құрылысы көңілге қуаныш ұялататынын, аймақта ағымдағы жылы төрт мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің ашылғаны, алдағы күнде олардың қатарына тағы үшеуі қосылып, төртеуінде қайта жарақтау жұмыстары жүргізілетіні оң нышан екенін атап көрсетті. Тек облыс орталығында бір мың бүлдіршін мектеп жасына дейінгі тәрбие ісімен қамтылатынына ерекше тоқталды.