Білім министрлігі үйде білім алатын 9 мың мүгедек балаға интернетке қосылған компьютерлерді сыйға тартады

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар жалпы білім беру мектептерінде оқитын болады, ал үйде білім алатын әрбір мүгедек балаға Білім министрлігі интернетке қосылған компьютерді сыйға тартпақ.

Білім министрлігі үйде білім алатын 9 мың мүгедек балаға интернетке қосылған компьютерлерді сыйға тартады

ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Бахриден Кәрімжанов, бүгін өткен баспасөз мәслихатында атап көрсеткендей, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мұндай жағдайлар Қазақстанда Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік барғдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады.

Оның сөзіне қарағанда, инклюзивті білім беру, яғни дамуындағы ерекшеліктеріне қарамастан білім алуға және әлеуметтік бейімделуге тең жағдай жасау - жаңа ұғым Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Бағдарламадағы бұл тарауды жүзеге асыру үшін алдымен заңнамалық тұрғыдағы кедергілер жойылды. Одан кейін, құрылыс, денсаулық және білім беру ведомстволары қолданыстағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелерге өзгерістер енгізді.

Нәтижесінде, 2015 жылға дейін ел бойынша жаңадан салынатын 522 мектептің барлығында мүгедек балалар кедергісіз білім алатындай жағдайлар жасалатын болады. Мәселен, оларда пандустар, лифтілер, арнайы жиһаз бен оқу орындары жасалады. 2020 жылға қарай мұндай мектептердің үлесі 70 пайызға дейін арттырылады.

Онымен бірге, осы күні үйлерінде оқитын 9 мың мүгедек баланың 3 мыңы биылғы жылы-ақ қашықтықтан білім алу үшін, интернетке қосылған компьютерлермен қамтамасыз етілетін болады. 2011 жылы бұл мақсатқа бюджеттен 1,7 млрд. теңге жұмсалады. Алдағы үш жылда білім алудың заманауи мүмкіндіктерімен барлық баланы қамту көзделіп отыр.

Бағдарлама аясында басты назар, сондай-ақ балалардың бойларындағы кемістіктерді ерте жасынан анықтауға бағытталады. Ал аналарға психологиялық-педагогикалық көмектер көрсету үшін бүгін жұмыс істеп тұрған 380 кабинеттің саны 2015 жылға дейін 540-қа арттылатын болады.

Инклюзивті білім беру ұғымының тағы бір бағыты - қоғамның арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Ол жұмыстар жалпы білім беретін орта мектептердегі дені сау балалар және олардың ата-аналары арасында жүргізілетін болады.

Сонымен бірге, әрбір мектеп пен балабақшаға дефектолог мамандар штаты енгізіледі. Оқытушылар мен тәрбиешілер кезең-кезеңімен біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Департамент директорының айтуынша, бұл шаралар мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы мектепте оқуға міндеттемейді. Қазір жұмыс істеп тұрған арнаулы мектептер жұмыстарын жалғастыра береді және олар да заманауи жабдықтармен жарақталатын болады. Онымен бірге, аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында арнайыландырылған балабақшалар салу қарастырылған. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен Есік және Қарағанды қалаларында, жергілікті бюджет есебінен Ақтөбе, Маңғыстау және Қостанай облыстарында көру қабілеті нашар балаларға арналған интернаттар салынады.

Бүгінгі Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 101 арнаулы интернат бар. Онда 15 мыңнан астам бала тәрбиеленеді. Жалпы білім беретін мектептерде, арнаулы білім беру ұйымдарында, арнаулы сыныптарда, кәсіптік мектептер мен колледждерде барлығы 111 405 мүгедек бала оқумен қамтылған.