Білім министрлігі Заң департаментінің директоры тәртіптік жауапқа тартылды
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу саласы бойынша Білім және ғылым министрлігінде 121 бұйрықтағы заңнамалық бұзушылық анықталған, осыған орай, тиісті шаралар қабылдануда.
Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.
«Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу саласы бойынша ағымдағы жылдың сәуір айында тексерулер жүргізіліп, ол бойынша Білім және ғылым министрлігінде 121 бұйрыққа, Денсаулық сақтау министрлігінде - 146 бұйрыққа қатысты заңнамалық бұзушылық анықталған болатын. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігінің жауабына сәйкес, 94 акті қолданыстағы заңнама талабына сәйкес келтіріліп, қалғаны бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұзушылыққа жол бергені үшін Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментінің директоры Е. Нұрғалиев тәртіптік жауапқа тартылды», деді Е. Ерімбет.
Ресми өкілдің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі де заң бұзышылықты жою бойынша шараларды қабылдауда. Мәселен, бүгінгі күні аталған ведомствода 33 бұйрық заңнамаға сәйкес келтірілген.