Білім нысандарын паспорттаудан өткізу қажет - Қазақстанның спорт одағы

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанның спорт одағы спорт мамандары мен қажетті жарақтардың шынайы қажеттіліктерін анықтау мақсатында білім объектілерінің барлығын кешенді паспорттаудан өткізуді ұсынады.

Білім нысандарын паспорттаудан өткізу қажет - Қазақстанның спорт одағы

Бүгін «Қазақстан спорт одағы» ЗТБ-нің төрағасы Ерлан Жанғұлов Астанада «Нұр Отан» ХДП-нің Орталық аппаратында өткен «Бұқаралық спорт. Даму жағдайы мен болашағы» атты республикалық дөңгелек үстел жиынындағы баяндамасында осылай деді.

«Балалардың дене шынықтырумен айналыспауы, аз қимылдауы олардың арасында көптеген аурулардың көбеюіне алып келді. Бұл жағдайды өзгерту үшін мектеп бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, дене шынықтыру сабағы аптасына 3 рет өткізілетін болды. Алайда тәжірибеде көрсетікеніндей, кей мектептерде спорттық залдарда 4 сыныптың оқушылары бір уақытта дайындалуға мәжбүр болған. Ал кейбір мектептердегі спорттық құралдар Кеңес дәуірінен бері қолданып келе жатыр. Ауылдық жерлерде тіпті спорттық бөлмелері жоқ елдімекендер де бар»,-дейді Е. Жанғұлов.

«Осындай мәселелерді шешу үшін Қазақстанның спорт одағы спорт мамандары мен қажетті жарақтардың шынай қажеттіліктерін анықтау мақсатында білім объектілерінің барлығын кешенді паспорттаудан өткізуді ұсынады»,-деп түйді сөзін Одақ төрағасы.

Оның айтуынша, паспорттау кезінде мектептердегі спорттық залдардың көлемін сәйкестендіру және оларды ашық алаңдармен, толық спорттық жабдықтармен қамту қажеттіліктері қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ паспорттау шарасы оқытушы құрамның жеткілікті деңгейі мен ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесін шешуге септеседі.