«Білім ордасындағы былықты кім тоқтатады?»- баспасөзге шолу

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 мамыр, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Білім ордасындағы былықты кім тоқтатады?»- баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, өткен жылдың қазан айында Маңғыстау облысы Бей­неу аудандық ІІБ мен Бейнеу стансасының Желілік полиция бөлімше­сінің қызметкерлері «Қылмысты іздестіру қызме­ті» төл мерекесіне орай мейрам­ха­наға жиналып, отырыс ұйым­дастырады. Сонда Бейнеу аудан­дық ІІБ бастығы А.Боранов бө­лімше қызметкері А. Шаленовті мейрамхана алдында ұрып-соққан. А.Шаленов алған соққылардан есіне келместен, Бейнеу аудандық орталық ауру­ханасында қайтыс болған. Осы­ған орай жақында Ақтау қала­лық сотында қолы қанды А.Борановқа және оның сыбайласы, Бей­неу аудандық ІІБ уақытша ұстау абақтысының полицейі А.Қуа­нышбековке қатысты үкім оқылды. Қызметтің буына масайып, өз қарамағын­да­ғылардың қызметіне емес, тағдырына да қожамын дегендей қаныпезерлікпен арыстай азаматтың өмірін қиған жұды­рығы жуан «бастық» 8 жыл­ға, бастығының қолшоқпарына айналамын деп жүріп жақсы мен жаманды айырудан қалған А.Қуанышбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы басылымда «Тұтынушылар мүддесі ескерілмейтіні қалай?» деген материал берілген. «Монополистер тығырықтан шығу жолы бағаны көтеру деген пікірге сүйенуін қояр емес. «СевКазЭнерго» АҚ-тың­ жуырдағы ұсынысы тұтыну­шы­лардың төбесінен жай түсіргендей болды. Күн санап өршіп бара жат­қан қымбатшылық салдарынан қалтасы да, жүйкесі де әбден жұқарған қарапайым жұрт­шылықтың бұдан кейін қыстан шыққан көтерем малдай елес­тер халі монополистерді еш ойлан­дыр­майтыны, керісінше, сүлікше соруын үдете түскені шымбайға батпай қоймайды. Олар тарифті көтерудің оңай жолына көбірек ден қойып, даяр асқа тік қасық болғанды қолай көретін тәрізді.АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алла Язовская ханым қоғамдық тыңдау барысында 1 шілдеден бастап жылу тарифі 51,4 пайызға өсетінін мәлімдеп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Мұндай қадамға амалсыз барып отырғандарын айтып, қанша ақталуға тырысқанымен, бағаны шарықтатудың себеп-салдары қоғамдық тыңдау кеңесінің мүшелерін иландыра алмады»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қызылорда облысы Қазалы ауданы Шәкен ауылындағы №134 орта мектептің мұғалімдері директор Ш.Жаңабаеваның әрекетіне шыдай алар емес. Мектепті 2001 жылдан Ш.Жаңабаева басқарып келеді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса». Мұнда қалыптасқан бір дәстүр бар. Жылда келе­тін атаулы мерекелерде директордың үйіне мектеп мұғалімдері мен қызмет­керлерінің сыйлық апаруы дәстүрге айналған. Білетіндер құттықтап барма­ған адамның жұмыста ізіне түсу Ш.Жа­ңабаеваның ұзақ жылдардағы «сүйікті ісі» дегенді айтады. «Мысал керек пе? Биыл 2013 жылдың 8 наурыз мере­кесінде дәстүр бойынша мектептің ер­лер ұжымы әйел мұғалімдерді мектеп қабырғасында құттықтап, сыйлық жаса­ған. Ал директордың үйіне дәстүр бойын­ша құттықтап бармағаны үшін мектеп­тің технология пәнінің мұғалімі Әділ Үмбетов, тарих пәнінің мұғалімі Досжан Ермаха­­нов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалі­мі Айдарбек Өтетілеуов, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Нұрлыбек Өмірза­қов пен Мейрамбек Әлмаховты мектеп директоры наурыз айының 11-і күні сағат 17-00-ге кезектен тыс жиналысқа ша­қыртады. Кезектен тыс жиналыста 5 мұ­ғалімнен бөлек оқу ісі мең­герушісінің міндетін уақытша атқарушы С.Сайма­ханұлы да болады. Жиналыста директор Ш.Жаңабаева «мейрамда мені неге құт­тықтап келмейсіңдер, мектепке көп­пен бірге берген азғана сыйлықтарың­ды мін­дет қыласыңдар ма?» деп ойына келге­нін айтқан көрінеді»,-деп жазады басылым «Білім ордасындағы былықты кім тоқтатады?» атты мақалада.

«Бүгінде жүрдек деген пойыздың өзі Астанадан Алматыға жарты тәулік жүретіні белгілі. Осы уақытты 4-5 есеге қысқартуға болады екен. Қарағандылық өнертапқыштар осындай жоба ұсынып отыр. «Бүркіт» деп аталатын заманауи отарбаның жобасы жақында Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен инновациялық кластерді дамыту жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің алғашқы отырысында таныстырылды»,-делінген «Айқын» газетіндегі «Ұшаққа ұқсас пойыз» атты мақалада. Тұжырымдама авторының айтуынша, бұл пойыз ірі қалалар арасындағы барыс-келістi арттырып, турис­тер­дің көбеюіне септігін тигізбекші. Жыл­дам­дығы сағатына 400 шақырымнан асады деп бол­жануда. Сондай-ақ, бұл теміржол құры­лысы өзіне қажетті энергияны күн және жел генераторлары арқылы алатындықтан, эко­логиялық таза жоба болмақшы. «Бүркіт» по­йызы Астанадан Алматыға дейін жолаушысын 157 минутта жеткізуді көздейді. Уақыттың ке­муі­не біріншіден заманауи отарбаның жыл­дамдығының арттырылуы, екіншіден жолдың қысқаруы себеп болмақшы. Жолды Балқаш көлі арқылы өтетін көпір үстінен салу көзделгендіктен, арақашықтық 180 шақырымға қысқармақшы.