Білім саласына жемқорлықты жоятын жаңа жобалар енгізіледі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысында білім беру саласында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мәселелері бойынша жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс шараның мақсаты - білім саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, ата - аналардан, оқытушылардан заңсыз ақша жинауды тоқтату мәселелерін кеңінен талқылау.
Отырысқа төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков аймақта білім саласы сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары сала екені Елбасы тарапынан сынға ілінгенін айтып, білім беру ұйымдарының басшыларына жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Кездесуде сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілап жатқанына қарамастан білім саласында әлі де болса жемқорлық деңгейі жоғары екенін атап өтті.
Ол өз сөзінің соңында білім беру саласында ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында бірқатар нақты ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, орталықтандырылған қаржыландыру жүйесін енгізу, мұғалімдерді жұмысқа қабылдауды мектеп директорларының құзырынан алып, бұл жұмысты қоғам белсенділерінен құрылған конкурстық комиссия мүшелеріне беру, мұғалім лауазымы үміткерлері үшін тестілеу бағдарламасын әзірлеу, техникалық қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды аутсорсингке беру.
«Сондай-ақ, білім беру ұйымдарына мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат туралы ақпаратты сол ұйымдардың баршаға көрінетін жерлеріне іліп қою керек», - дейді ол.
Бұған қоса, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Б. Қасымов мұғалімдерді жұмысқа және оқушыларды мектепке қабылдаудағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша өз мектебіндегі тәжірибемен бөлісті. Ал Ұлттық бюро Департаменті басшысының орынбасары Ә.Жорабеков осы салада орын алған қылмыстар туралы баяндама жасап, соңынан ұсталған мектеп директорларына қатысты видео түсірілімдер көрсетті.