Білім саласындағы жалақының төмен болуы сыбайлас жемқорлықтың орын алуына себеп болып отыр ? Ж. Түймебаев

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім беру саласындағы жалақының төмен болуы сыбайлас жемқорлықтың орын алуына себеп болып отыр.

Білім саласындағы  жалақының төмен болуы сыбайлас жемқорлықтың орын алуына себеп болып отыр ? Ж. Түймебаев
Бүгін «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы барысында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Министрлік тарапынан жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзуға негізінен сала қызметкерлерінің жалақысының төмен болуы себеп болып отыр. Мәселен, Статистика агенттігінің мәлеметтері бойынша білім саласы қызметкерлерінің 2009 жылғы қаңтар айындағы орташа жалақысы 39 мың 21 теңгені құрайды. Ал жалпы республика бойынша еліміздегі орташа жалақы деңгейі 61 мың 378 теңге деңгейінде тұр. Сондықтан да білім жүйесіндегі 39 мың теңге жалақы ең төменгі көрсеткіш болып табылады. Бұл тұрғыда ең төменгі тұтыну себеті 12 мың 240 теңге екендігін, бұдан бөлек коммуналдық шығындар, көліктік шығыстар, киім алу, бала бағу секілді басқа да күнкөріс мәселелерін қоса алсақ білім қызметкерлерінің жағдайын көзге елестете аламыз. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым есептің өзі білім жүйесі қызметкерлерінің жалақысының ең төменгі деңгейдегі өмірлік қажеттіліктерді де жаба алмайтынын көрсетеді», - деді Ж. Түймебаев. Министрдің айтуынша, шетелдердегі білім саласы қызметкерлерінің жалақысымен алып қарағанда қазақстандық көрсеткіш мүлдем төменгі деңгейде. Мәселен, Ресейде білім қызметкерінің жалақысы теңгеге шаққанда - 93, 5 мың, Эстонияда - 107 мың, Финляндияда - 544 мың теңге, Сингапурда 650 мың теңге шамасында.