Білім - табысты болудың ең басты факторы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы - күллі қазақтың рухани әлемін дамытып, сапалық тұрғыдан жаңғыртуға жетелеген, еліне деген нағыз патриоттық сезімін еселеген стратегиялық маңызы зор құжат болғаны айқын. Рухани жаңғырудың басты жолы - қоғамдық сана мен біртұтас идеяны қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жасампаздыққа ұмтылу. Тегінде, жасампаздық рухы қазақ халқының табиғатына екі бастан тән нәрсе. Бұған тек кең өріс ашып, оның дамуына тың серпін беру ғана қалып отырған болатын.
None
None

Осы тұрғыдан алғанда, Елбасы мақаласының өзектілігі мен маңыздылығы ешқандай дау тудырмайтыны анық. Бұл - мазмұны тым терең, ауқымы аса кең, қоғамдық сананы шырқау биікке көтеретін, ұлттық құндылықтар дамуының бағыт-бағдарын, жөн-жобасын барынша айқындап берген өте маңызды бағдарлама іспетті болғаны ақиқат. Өйткені, Мемлекет басшысының бойымыздағы рухани құндылықтарды түзетіп, оны жасампаздықпен жаңғырту жолындағы ордалы ойлары санаға рух, жанға жігер беретіні сөзсіз. 

Расында да, ата-бабаларымыздан аманат болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміз, төлтума өнеріміз, сандаған ғасырлар бойғы тарихтың елегінен өтіп қалыптасқан әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз, тіліміз, дініміз, діліміз - мұның бәрі, бір сөзбен айтқанда, біздің ұлттық кодымыз. Яғни, ұлттық рухымыз, оны өз бойымызда мәңгі сақтап, осы заманға сай жақсы жағынан қайта жаңғыртып, келесі ұрпаққа жеткізу әрбір қазақ баласының басты міндеті болуы керек. Сонымен бірге, қазіргі таңда жиі кездесетін кейбір жағымсыз нәрселерден, мысалы, рушылдық, жершілдік, тамыр-таныстық, жең ұшымен жалғасу сияқты ұлттың өркендеп дамуына кедергі келтіретін келеңсіз әрекеттерден арылмасақ, әлемдік көштен, өскелең өркениеттен артта қалып қоюымыз әбден мүмкін. Өйткені, салт-дәстүрі мен тағылымды тарихынан сусындап өскен ұрпақтың ғана санасы таза, тұғыры биік, іргесі берік болады. Олар әлдебір радикалды теріс ағымдар мен можантопай мәдениеттің жетегіне ешқашан кетпейді.

Мемлекет басшысы өз мақаласында, міне, осы ұстанымды айқын көрсетіп береді. «...Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі - ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі - алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Жаңаша ойлап, қоғам, ел үшін отандастарын игілікті істер жасауға үндеген Елбасы одан әрі былай дейді: «...Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай».

Бұл - бізге бүгінгі озық технологиялы жаһандық ықпалдасудан, сонымен бірге түрлі қауіп-қатерден қорғанудың да жолы. Бұны былайша түсіндіруге болады: қазіргі кезеңде әлем елдері жаңа тарихи өзгерістер кезеңінің бастауында тұр. Бұл өзгеріске түскелі тұрған дәуір күллі адамзатқа әлі бұлыңғыр. Оның, жалпы, өркениеттің дамуына қандай прогресс әкелетіні жай халық түгілі, мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздеріне де жұмбақ. Дегенмен, мұндай беймәлім әлемнен біздің де алатын өз үлесіміз бар екенін естен шығармауымыз керек. Осы ойымызды әрі қарай өрбітетін болсақ, ендігі арада сол ұлттық кодымызды сақтау мен оны өкше басар кейінгі ұрпақтың бойына қалай сіңіреміз деген мәселеде ойласатын жағдайлардың көп екені айтпаса да түсінікті жайт. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең алдымен халықтың бәсекеге қабілеттілігіне айрықша мән беруді ұсынады. Яғни, әрбір қазақстандық денсаулығы мықты, жоғары мәдениетті, компьютерлік сауатты, терең білімді, оның ішінде шет тілдерін меңгеру, мәдени ашықтық сияқты қазіргі қоғамның берік ұстанымына айналған қасиеттерге ие болуы керек. Ол кез келген елде, кез келген ортада емін-еркін сөйлеп, өз пікірі мен дербес ұстанымын дәлелдеп өткізе білетін, әрі ұстамды, әрі қарапайым, әрі салиқалы да салмақты, салауатты өмір салтын ұстанған адам ретінде қалыптасуды талап етеді. Сол үшін де Ұлт Көшбасшысы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалардың қолға алынуы біздің халқымызды ХХІ ғасырдың талаптарына сай даярлаудың алғашқы қадамдары екендігін көрегендікпен болжам жасап, оған өзі мән бере дәлелдеп отыр.

Бұл дүниеде өзгермейтін бір ғана нәрсе бар. Ол - білім. Білім - табысты болудың да ең басты факторы. Өйткені, білім беру ісін бәрінен жоғары қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Соның ғана болашағына сенуге болады. Олай дейтініміз, қазақ атамыз: «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, Он жылдығын ойлаған тал егеді, Мың жылдығын ойлаған ұр­пағына білім-нәр егеді», - деп жайдан-жай айтпаса керек.

Соңғы жаңалықтар