Білім және ғылым министрі ҰБТ сынағынан өткелі отырған түлектерге сәттілік тіледі

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды бастады.

Білім және ғылым министрі  ҰБТ сынағынан өткелі отырған түлектерге сәттілік тіледі

Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов келіп, ҰБТ сынағынан өткелі отырған түлектерге сәттілік тіледі.

 «Емтихандарыңыз құтты болсын! Бүгін мен де сіздермен бірге тест тапсырып тұрмын. Министр ретінде менің де сіздер сияқты қобалжып, балалар жақсы тапсырса екен деп жүрегім алаңдап отыр», - деді министр.

 «Осыдан 9 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен біз Ұлттық бірыңғай тестілеуді Қазақстанға енгіздік. Осы жылдар ішінде 1 миллион 125 мың адам осы тестіден өтіпті. Жылдан жылға сынақ тапсырмалары жақсарып келеді. Тесті алдында біз әрбір оқушымен жіті жұмыс жасадық», - деп атап өтті Б. Жұмағұлов.

 Б. Жұмағұловтың айтуынша, биыл 156 мың баланың ішінен 121 мыңы, яғни 78 пайызы қатысайын деп отыр. Биыл министрлік балаларға жеңілдік жасап, сынақ өткізудің уақытын 15 күнге дейін созды. Сонымен қатар аппеляция беру уақытына 1 сағат қосып,  14 сағатқа дейін ұзартты.

 студенты Министрдің хабарлауынша, тест тапсырмаларының мазмұны биыл тағы бір рет тиянақталып, қисынсыз немесе оқулықта жоқ сұрақтардың саны мейлінше азайтылған. Тестілеуге ұсынылған 142 мың тапсырманың барлығы елдегі ең үздік әрі тәжірибелі педагогтердің сүзгісінен өткен.

 «Тестілік тапсырмалардың ішінен мен 108 сұрақты алдырып тастадым. Логикалық тапсырмаларды көбейттік. Әлемде ҰБТ-дан жақсы, басқа бір әдіс табылған жоқ. Егер түлектің пайдасына бір пайыздың өзі шешіліп тұрса, мен барлық комиссияларға түлектердің мүддесіне қарай шешім қабылдауға тапсырма бердім», - деп атап көрсетті Б. Жұмағұлов.

 Түлектер тест нәтижесін шамамен бүгін кешкі сағат 17.00-18.00 сағаттарда біле алады. ҰБТ тапсыру науқаны кезең-кезеңімен 15 маусымға дейін жалғасады.