Білім және ғылым министрі жуық арада ЖОО-лар желісін оңтайландыруды тапсырды

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Экономиканы қажетсіз кадрлармен толтыра бермес үшін жоғары оқу орындарының желісін оңтайландыру қажет.

Білім және ғылым министрі жуық арада ЖОО-лар желісін оңтайландыруды тапсырды

Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті.

«Бұл - Елбасының тікелей тапсырмасы. Сондықтан, жуық арада министрлік жоғары оқу орындарын жіктеудің әрбір сатысына жаңа талаптар әзірлеуі тиіс. Бұл талаптар оңтайландырудың негізі болады. Осы ретте қолда бар әлемдік тәжірибені пайдалану қажет. Ол - Карнеги (АҚШ) классификациясы, Еуропалық одақ университеттерінің картасы», - деп атап өтті министр.  

Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 147 жоғары оқу орны бар. Студенттер саны 599 мың адамды құрайды.

Егер әлемде орта есеппен 10 мың адамға 232 студенттен келсе, бізде 377 студенттен келеді. Бұл көрсеткіш бойынша АҚШ, Ресей және тағы басқа бірнеше елден кейінгі әлемдегі бірінші ондықтамыз.

«Алайда, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының көптеген дамыған елдерінде бұл сандар былайша көрініс тапқан: Жапонияда - 222, Германияда - 258. Сондықтан, экономиканы қажетсіз кадрлармен толтыра бермес үшін жоғары оқу орындарының желісін оңтайландыру қажет», - деді Б. Жұмағұлов.