Білім және ғылым министрлігі ІІ жартыжылдықтың міндеттерін анықтады

«Елбасының Жолдауымен жүктелген міндеттер мен шетелдердің білім беру жүйелеріндегі даму үдерістері ескеріле отырып, елімізде Мемлекеттік бағдарламаның барлық бағытын тұрақты жаңарту жұмыстары жүргізілуде»,- делінген ведомство хабарламасында.
Атап айтқанда, ІІ жартыжылдықта жоғары оқу орындары түлектерінің біліктіліктерін растайтын тәуелсіз жүйе құру жұмысы қолға алынады. Оның аясында Педагогтардың біліктіліктерін растайтын тәуелсіз орталықтың жұмысын ілкі режимде іске қосу жоспарлануда.
Оған қоса, еліміздің 20 жоғары оқу орнында үш тілде сабақ берілетін арнайы бөлімдер ашылады. Олар негізінен педагогикалық, жаратылыстану-ғылыми және техникалық бейіндегі мамандықтарды қамтитын болады және бұл бастаманың мақсаты жоғары оқу орындарына көптілдік білім беру жүйесін енгізу болып табылады.
Сондай-ақ еуропалық жинақтау және несиелерді қайта есептеу жүйесі (ЕСTS) бойынша қазақстандық несиелерді қайта есептеу моделін енгізген оқу орындарының үлесі 29 пайыздан 45 пайызға жеткізілмек.
Және жаңа оқу жылында бірқатар бірім ошақтарының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Орал қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектебінің», сондай-ақ өңірлерде шағын құрамда мектептерге арналған 28 ресурстық орталықтың ашылуы жоспарланып отыр. Ал қараша айында Астанада 800 орынға арналған кәсіптік лицейдің құрылысы, жылдың соңында үш ауысымда жұмыс істейтін және апатты жағдайдағы мектептердің орнына салынып жатқан 27 мектептің құрылыстары аяқталады.
Министрліктің хабарлауынша, сондай-ақ Алматы, Астана қалалары мен 14 облыстың мектептеріне республикалық бюджеттің есебінен жаңа модификациядағы 569 химия кабинеттерін сатып алу жоспарлануда.