Білім және ғылым министрлігі кәсіптік -техникалық білім беретін оқу орындарын салықтың барлық түрінен босатуды ұсынады
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев кәсіптік -техникалық білім беретін оқу орындарын салықтардың барлық түрінен босату туралы ұсыныс жасады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кәсіптік -техникалық білім беруді жетілдіру, әрі осы саланы заңнамалық қамтамасыз ету үшін бірқатар ұсыныстар жасауға тура келеді. Атап айтқанда, «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» заңдарға жұмыс берушілерді оқушыларды тәжірибеден өту орнымен қамтамасыз етіп, белгіленген квота бойынша жұмысқа орналастыруға міндеттейтін норма қамтылуы тиіс. Көптеген мемлекеттердегі кәсіпорындарда білгілі бір орындар кәсіптік оқу орнының түлегіне тәжірибе жүргізу ретінде сақтап отыруға міндеттеледі. Сонымен бірге, мамандар даярлау мен демеушілікке жұмсалатын қаржыны ұлғайтуды ұсынамыз. Салық кодексіне кәсіптік- техникалық білім беретін оқу орындарын салықтың барлық түрінен, бюджеттік төлемдерден, баж салығынан босатуды ұсынамыз. Қазіргі күні жекеменшік болып ашылған техникум мен колледждер бизнестік бағытта емес деп анықталғандықтан салықтан босатылып отыр. Ал, дәл осындай мемлекеттік оқу орындары салықты толық төлейді», деді Ж. Түймебаев.
Министрдің айтуынша, өкілетті органдар еңбек нарығындағы бос қызмет орындары туралы бірыңғай ақпараттық базаны қалыптастыруы тиіс. «Қазақстанда әлі күнге бұндай орталықтанған база жоқ. Бұл мамандарға деген сұранысты жоспарлаудың заңнамалық негізін құрайды әрі мамандар тапсырысын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасайды», деді министр.