Білім және ғылым министрлігі мектептерде атқарылып жатқан шараларға бақылауды күшейтпек

елдегі мектептердің атқарып жатқан істерін бақылайтын орталық орган құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Елбасы 17 сәуірде мектептердегі білім сапасы төмендеп кеткендігін айтып, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, орталықтан мектептегі жағдайды толық бақылап отыратын орган құру міндетін қойды. Осыған қарай қазір еліміздің аймақтарында осындай департаменттер құрылуда. Сол департаменттердің басты жұмысы мектептердің жағдайын бақылап, оларға мониторинг жүргізіп отыру. Біз ең бастысы, Қазақстанда қанша мектеп барлығын, онда қанша бала оқып жатқандығын және атқарылып жатқан шаралар жөнінде нақты біліп отыруымыз керек»,- деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде еліміздегі мектептерде болып жатқан жағдай жөніндегі жағдайды баяндайтын тек әкімдер. «Егер бүгін талқылауға ұсынылып отырған жаңа заң күшіне енетін болса, мектептердің жағдайын жаңаша бақылайтын боламыз. Сонда біз мектептердің директорлары мен аудандық, қалалық, облыстық білім беру бөлімдерінің басшыларын тағайындау ісіне де араласатын боламыз»,-деді Б.Жұмағұлов.