Білім және ғылым министрлігінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматын өзгерту мәселесі қаралуда

АСТАНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Білім және ғылым министрлігінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматын өзгерту мәселесі қаралуда.

Білім және ғылым министрлігінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматын өзгерту мәселесі қаралуда

 Бұл туралы бүгін журналистермен кездескен Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ҰБТ  оқушының орта білімі жөніндегі аттестация және ЖОО-ғ түсер алдындағы тәуелсіз тестілеу бөліктерінен тұруы тиіс.

 «ҰБТ балалардың білім деңгейін анықтау, мұғалімдердің, мектеп директорларының, жергілікті басшылардың жұмысына баға беру, жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік алу сияқты бірнеше әлеуметтік қызметтердің барлығын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан түрлі кемшіндері табылып жатыр. Министрлік соған орай ҰБТ-ның қызметін екіге бөлу мәселесін қарастыруда», деді С.Ырсалиев.

 Ресми өкілдің атап көрсеткеніндей, осы істі жүйелеу мақсатында министрлікте арнайы комиссия құралған.

 Осы бағытта тиісті шаралар жасалатын болса, оқушылардың білім сапасын арттыруға қол жеткізіледі. Себебі кейінгі жылдары ҰБТ 5 пәннен ғана өткізілетіндіктен, оқушылардың басқа пәндер бойынша білімі төмендегені байқалған болатын.

 «Балалардың білім деңгейін анықтау және жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік беру  қызметтерін ажыратып, оқушыны орта білімі жөніндегі аттестациядан және ЖОО-ға түсер алдындағы тәуелсіз тестілеуден өткізсек, бұл проблема шешіледі», дейді ол.