Білім және ғылым министрлігінің өкілдері ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысын талқыға салды
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше, 28-ші наурыз күні Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен Ұлттық тестілеу орталығында ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ұлттық бірыңғай тестілеу 2004 жылы енгізілді. 8 жыл ішінде оған 1 миллион 200 мың адам қатысты.
Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге 125 мың мектеп бітіруші қатысады деп күтілуде. Бұл жалпы мектеп бітірушілер санының 80 пайызы. 10 наурыздан 25 сәуірге дейін еліміздің барлық мектептерінде тестілеуге қатысу үшін өтініштер қабылдау жүргізілуде. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабының 9-тармағына сәйкес мектепті бітіретін жылы жоғары оқу орнына түскісі келетіндер міндетті түрде ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысулары керек.
Назарбаев зияткерлік мектебі мен өзге де халықаралық мектептердің түлектері Қазақстан Республикасы Үкіметінің айқындауымен ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 1-15 маусымда арнайы жабдықталған 154 тіректе ұйымдастырылады. 107 ұлттық бірыңғай тестілеу тіректері аудан орталықтарындағы және қалалардағы мектептерде, 47-і облыс орталықтарында, Астана мен Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарының базасында орналасқан.
Биылғы жылы тестілеуді өткізу үшін қажетті шарттарды қалыптастыру мақсатында 10 тестілеу тірегі жаңадан салынған ғимараттарға ауыстырылды және 2 тірек Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласына, сондай-ақ Атырау облысының Индербор кентіне көшірілді. Ұлттық тестілеу орталығы 900 мың сынақ және сұрақ-кітапшалары мен ұлттық бірыңғай тестілеу пәндері бойынша 200 мың оқу-әдістемелік құралдарын шығарды. Сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестілеу жүзеге асырылатын тест тапсырмаларының базасы жаңартылды. Аталмыш база 142 мың 806 тапсырмадан тұрады. Олар байқап көруден өткізілген. Оған 11 мың 430 мектеп бітіруші қатысты. Алғаш рет математика бойынша логикалық сипаттағы тест тапсырмалары әзірленіп, биыл әрбір нұсқаға 1 тапсырмадан енгізіледі. Жаңа тест тапсырмаларын әзірлеу және оларды сараптамадан өткізу үшін 166 мектеп мұғалімі тартылды. Олардың барлығын өңірлік білім басқармалары ұсынды және бұл ұстаздардың барлығы үлкен тәжірибелері бар білікті мамандар.