Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков Алматы қаласының студент жастарымен кездесті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесудің мақсаты - Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру, жастар арасында талқылау болып табылады.
М. Сарыбеков Елбасының қазіргі экономикалық-әлеуметтік, сондай-ақ ішкі және сыртқы саясаттағы айқын бағыттары мен бағдарларын айқындап, осы саладағы жұмыстарды нығайтуды тапсырғанын атап өтті. Ол сонымен қатар еліміздегі білім және ғылым саласында қол жеткізілген жетістіктерге тоқталып, «жақында Үкіметте Елбасының тапсырмасымен, наурыз айының 15-де «Балапан» бағдарламасы енгізіліп, жоба бекітіледі деп отырмыз. Бұл жоба Республикамызда тұңғыш рет қабылданатын стратегиялық жоба болмақ. Елімізде миллионға жуық мектепке дейінгі балалар бар, оның бүгінде 18 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылып отыр. Сондықтан қазір, балабақшалардың жаңа түрлерін, жеке меншік балабақшаларды ашуды көздеп, іске асырып жатырмыз. 2015 жылы балабақшалардың 70 пайызын қамтуды, 2020 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз», деді вице-министр.
Сондай-ақ ол Жолдаудың маңыздылығына тоқтала келе, «бұл Жолдау - әр қазақстандықтың, оның ішінде жастардың болашақ дамуының стратегиясы. Бұл Жолдауды «жол картасы» десек те болады», деп атап өтті.
Кездесу барысында Алматы қаласының белсенді жастары Жолдау бойынша өз пікірлерін білдіріп, ой бөлісті.