Білім және ғылым вице-министрі ҰБТ тапсыру барысында 5-ші пәннің неліктен білім беру грантын тағайындау байқауында есепке алынбайтындығы туралы түсінік берді
АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков Ұлттық бірыңғай тест тапсыру барысында бесінші пәннің, атап айтқанда қазақ тілді мектептер үшін орыс тілінің, орыс тілді мектептер үшін қазақ тілінің балы білім беру грантын тағайындау барысындағы байқауда есепке алынбайтындығы жөнінде түсінік берді.
Ол бұл туралы бүгін елордада өткен ҰБТ өткізуді ұйымдастыру және дайындық мәселелері бойынша кеңейтілген мәжілісте айтты.
Бұл жөнінде «Білім беру туралы» ҚР Заңында нақты жазылғандығын, сонымен қатар осыдан екі жыл бұрын Қазақстан халық Ассамблеясы Білім және ғылым министрлігіне өтініш білдіргенін атап өткен ол «қазақ немесе орыс тілдерін толық бағдарламада оқымайтын оралмандар мен қазақ диаспорасы өкілдерінің пікірлерін есепке ала отырып, мемлекеттік білім беру грантын алу байқауынан бесінші пункті алып тастау туралы өтініш берген болатын», деді.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, осындай себептермен аталған пәннен жиналған бал ҰБТ сертификатында көрсетілмейді. Мәселен алдағы жылдарда 5-ші пәннің балы көрсетілген кезде абитуренттер мен олардың ата-аналары арасында сертификатта көрсетілген бал 4 әлде 5 пәннің қорытындысы екендігіне түсінбеушілік туындаған. Сондай-ақ ол тест тапсырылатын пәндерде де еш өзгеріс болмайтындығын алға тартты. Сонымен ағымдағы жылы да түлектер 5 пәннен, атап айтқанда білім алып жатқан тілі, математика, Қазақстан тарихы, бейіндік пәндер және қазақ тілді мектептер үшін орыс тілінен, орыс тілді мектептер үшін қазақ тілінен тест тапсыратын болады.