Білім және ғылым жүйесінің барша қызметкерлері Президент Н. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасын қолдайды - Б. Жұмағұлов
АНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Білім және ғылым жүйесінің барша қызметкерлері Президент Н. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасын қолдайды. Бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.
«Өткен жыл Қазақстан үшін табысты әрі саяси маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Оның ең бастысы - Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті. Шараның өтуі еліміздің орасан зор жетістіктерін әлем жұртшылығы танығанының айқын көрінісі. Бұл ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының саяси бағытының ғаламат жетістігі», - деді Бақытжан Жұмағұлов.
Сонымен қатар Қазақстан әлеуметтік-экономикалық даму жолында үлкен белестерге жетуді көздеп отырғанын айтқан министр, экономикалық жетістіктерге де тоқталып өтті. «Жаңа жыл жаңа уақыттың басталғанын, жаңа биіктерге, ең жоғары нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан да, біз ғылым-білім жүйесінің барлық қызметкерлері, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастаманы бірауыздан қолдаймыз. Мемлекетіміздің қарыштап дамуын және туған еліміз Қазақстанның игілігі үшін Ұлт көшбасшысы белгілеген стратегиялық жоспарлар мен бастамаларға қол жеткізуді тек Тұңғыш Президентпен ғана байланыстырамыз», - деді министр.