«Білім жүйесін ақпараттандыру оқу сапасын арттырады», - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Білім жүйесін ақпараттандыру оқу сапасын арттырады»,  - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Бюджет жобасы қабылданды» атты мақала басты. Мақалаға кеше Парламент Сенатының жалпы отырысында қаралған 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы жөнінде жазады. Үш жылға арналған бюджет жобасына қатысты «Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық қо­ры­нан 2012-2014 жылдарға арнал­ған кепілдендірілген трансферт ту­ра­лы» заң жобасы үш жыл бойы жыл сайын 1 200 миллиард теңге мөлшерінде айқындалған. 2012 жылы тиісті қаржы жыл соңына ІЖӨ-нің болжамды мәні­нен 20 пайыз мөлшерінде төмен­детіл­мей­тін қалдық қағидаты бойынша 30,1 пайызды құрайды. Ұлттық қор қаражаты, 2011 жыл­дың 1 қазанындағы ақпарат бой­ынша, 7 триллион 197 миллиард теңгеге жетіпті. Сенаторлар атал­ған заң жобасын бірауыздан қа­былдады.

Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, мемлекетіміздің соңғы 10 жыл ішіндегі дамуы Катар мен Қытайдан кейінгі үштікке еніп отыр. Соңғы 5 жылда еліміздегі барлық мектептер компьютерлендіріліп, 2001 жылы бір компьютерді 62 оқушы пайдаланатын болса, бүгінде 16 оқушыға бір компьютерден келіп отыр. Сондай-ақ елімізде ақпараттық технологиялар саласына қажет мамандар дай­ын­даумен 91 жоғары оқу орны айналысуда. Ақпараттандыру саласының бүгінгі жай-күйі мен оған қатысты жаңалықтар жөнінде білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Білім жүйесін ақпараттандыру оқу сапасын артырады», атты мақаланы қараңыз.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, кіші және орта бизнестің дамуына басты кедергі не? Олар - қаржы институттарындағы жемқорлық, заң бұзушылық, сондай-ақ несиелердің қымбаттығы мен әкімшілік, банк қызметкерлерінің бюрократиялық мінез-құлықтары. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған түрлі даму қорлары және басқа да институттар, мемлекет тарапынан қолдау ретінде жұмсалатын несиелердің қымбаттап кетуіне зор үлес қосқаннан басқа ешқандай пайда әкеліп отырған жоқ. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Бизнестің дамуына басты не кедергі ?» атты мақаладан егжей-тегжейлі білуге болады.

Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, биыл есірткіге әуес жандардың саны 15 пайызға төмендеген. Десек те, «дәріханалық есірткі», яки құрамында есірткі тектес заттар бар дәрілерді пайдаланушылар жетіп артылады. Ел арасында «қолтырауын» деп аталып кеткен есірткінің есіртіп жүрген жайы бар. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі «қолтырауындармен» ашық күреске шықты. Осы мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Дәріханалық есірткімен» күрес басталды» атты мақаланы қараңыз.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «24 сағат хабар тарататын арна керек» деген мақала басты. Мақалаға Парламент Сенатының жалпы отырысында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, осы мәжіліс барысында сенатор Қуаныш Сұлтанов 24 сағат «сөйлейтін» мемлекеттік арна жасауға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлгізуге күш салған. «Біздің мемлекеттік телеарналар көрші елдердің арналарымен бәсекелесе алмай жатыр. Тіпті олар, 24 сағат бойы Қазақстанға ақпараттарын құйып тұрғанда, біздің мемлекеттік арналар түн ортасынан таңғы алтыға дейін үзілісте. Осы бостықты толтыру қажет», деп атап көрсетті ол. Бұл туралы және Сенаттың отырысында көтерілген өзге де мәселелер жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан білуге болады.

Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Тұмауды неге ауру санамаймыз» деген проблемалық мақала басты. «Әдетте халқымыз тұмауды ауру санамайды. Содан болса керек, тұмаудың алдын алмақ түгілі, тұмауратқанда дәрі ішіп, ағзаның ауруға қарсы, қабілетін күшейтуге де құлықсыз. Нәтижесінде тұмаудың басқа да дерттердің бастамасы болғанын, денсаулықтың әлсіреуіне айтарлықтай зиянын тигізгенін де байқамай қалады. Ал тұмау өкпенің қабынуы, туберкулез секілді ауруларды туындатып, қана қоймай, кейде адам өліміне де себепші болып жатады»,-деп жазады басылым. Бұл мәселені «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан оқисыздар.

***

«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, елімізде жүзінші отандық тепловоз жолға шықты. Аталмыш көлікті «Локомотив құрастыру зауыты» акционерлік қоғамы құрастырған. Бұны сонымен қатар Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның жемісі десе де болады. 0100 нөмірлі локомотив 18 түрлі сынақтан аман өтіпті. Бұл туралы «Прибавь ходу, 100-й» атты мақаладан кеңірек білуге болады.