BilimClass техникалық ақаудан кейін пайдаланушылардың дерегі сыртқа тарамағанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — BilimClass білім беру платформасының өкілдері техникалық ақауға байланысты жүргізілген тексеріс нәтижесін жариялады.
Компанияның мәліметінше, пайдаланушылардың барлық дерегі сақталған, ақпараттың сыртқа тарау дерегі анықталмаған.
27 қарашада платформа жұмысында ақау шыққан кезде мамандар оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің деректерін қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдаған.
— Осы оқиға салдарынан бірқатар пайдаланушыға қате көрсетілген ақпарат толық қалпына келтірілді. Пайдаланушылар тарапынан қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ, — делінген компанияның ресми хабарламасында.
Жүйенің қауіпсіздігін күшейту және қосымша техникалық жұмыстар жүргізу үшін платформаға кіру 28 қараша сағат 00:00–ге дейін шектелді.
Компания өкілдері пайдаланушылардың деректерін қорғау мен платформаның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Қазір мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жүйенің қауіпсіздігін күшейтіп жатыр.
Ресми ақпарат BilimClass парақшаларында жарияланып отырады. Пайдаланушылар сұрақтары бойынша қолдау қызметіне хабарласа алады.
Еске салайық, бүгін BilimClass платформасында техникалық ақау шығып, бағалар мен үй тапсырмаларын көру, жүйеге кіру қиындағанын хабарлаған едік.