Билл Гейтс: Жасанды интеллект миллиард адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс жасанды интеллект адамзатқа ауқымды қауіп тудыруы мүмкін екенін айтып, АҚШ билігін бұл саланы заңмен реттеуге шақырды, деп хабарлайды Deutsche Welle.

Билл Гейтс
Фото: scmp.com

Гейтстің пікірінше, жасанды интеллектінің қуаты миллиард адамның қаза табуына әкелетін оқиғаларды туындатуға жеткілікті деңгейге жетуі мүмкін.

– Адамзатты 100 пайыз жойып жіберу өте қиын болғанымен, жаман ниетті адамдар мен жасанды интеллектінің ең жаңа құралдарының үйлесімі секілді қуатты қару бұрын-соңды болған емес, – деді Билл Гейтс NBC телеарнасына берген сұхбатында.

Ол жасанды интеллект саласындағы өзін-өзі реттеу тетіктері жеткіліксіз деп санайды. Сондықтан АҚШ билігі технологияны дамыту кезінде қауіпсіздік шаралары мен бақылау тетіктерін белгілейтін заңдар қабылдауы қажет екенін айтты.

– Заңнама салаға белгілі бір қосымша салмақ түсіреді, бірақ компаниялардың жұмысын айтарлықтай баяулатпайды, – деді ол.

Жасанды интеллект модельдерінің нақты компанияларға жасаған кейінгі шабуылдарынан соң ірі технология әзірлеушілерінің басшылары да ЖИ дамуын баяулату идеясын қолдаған.

Мұндай ұсынысты Anthropic компаниясының басшысы Дарио Амодеи де айтқан. Ол жасанды интеллектіні бақылаудан айырылып қалу қаупіне, сондай-ақ технологияның кибершабуылдар мен биотерроризм мақсатында пайдаланылуы мүмкін екеніне назар аударды.

Айта кетейік, Австралия үкіметінің жүйесіне жасанды интеллект заңсыз кірген.