Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан құрамасы Аустралияны ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияның Брисбен қаласында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы корт иелерімен екінші кездесуін өткізді.

Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан құрамасы Аустралияны ұтты
Фото: ҚТФ

Бұл жолы Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 61-орында тұрған Кимберли Бирреллмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда аустралиялық спортшы брейк жасап, 3:1 есебімен алға шықты. Бірақ осыдан кейін Рыбакина қатарынан бес геймді алды – 6:3.

Екінші сетті де сәтті бастаған Биррел 5:1 есебімен алға кетті. Дегенмен Елена табандылық танытып, таразы басын теңестірді – 5:5. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:4).

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 7 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді. Биррелл 2 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

- Бәсекені Юлия Путинцева сәтті бастап берді. Жанкүйерлердің қолдауы үшін мың алғыс! Аустралияға оралу қашанда ұнайды. Бұл жарыстың ерекшелігі командалық сайыс екендігінде. Қазақстан құрамасы матчқа барынша күш-жігермен шыға білді. Екінші сетте ұтылып жатып, таразы басын аудара алдым, - деді ойыннан соң Е.Рыбакина.

Осылайша, Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен алға шығып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Е.Рыбакина Қазақстан сапында 10 матч өткізсе, соның 8-ін жеңіспен аяқтады.

Жұптық сында Анна Данилина Жібек Құламбаевамен бірге Сторм Хантер – Эллен Переспен ойнайды.

Қазақстан командасы D тобында ертең Колумбиямен сынға түседі. Колумбияны ұтса, қазақстандықтар командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның алдағы жарыста қазақстандықтардың қолдауы өте маңызды екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннистен Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг турнирінде алғашқы матчта жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар