Биллинг жүйесі арқылы 26,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды
АСТАНА.KAZINFORM - Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген биллинг жүйесі арқылы шаруалармен суару суын жеткізу бойынша 26,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды.
Жыл басынан бері Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруалармен су жеткізуге арналған келісімшарттарды жасасу рәсімін электронды форматқа көшіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК диқандармен 26 527 электронды келісім жасасты.
Оның ішінде Түркістан филиалы бойынша 10 568 келісімшарт, Жетісу облысы филиалы бойынша 7 633, Жамбыл филиалы бойынша 3 480, ал Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалы бойынша 2 553 келісімшарт рәсімделген.
Министрлік мәліметінше, Қызылорда облысында 979, Шығыс Қазақстан облысында 744, Абай облысында 440, Батыс Қазақстан облысында 56, Қарағанды облысында 33 электронды келісімшарт жасалды. Ал Қ.Сәтбаев атындағы канал филиалы каналдар арқылы су жеткізу бойынша 41 электронды келісімшарт рәсімдеген.
- Министрлік енгізіп жатқан биллинг жүйесі су пайдалануды басқарудың толық циклін қамтиды. Яғни өтініш беру мен келісімшарт жасаудан бастап, нақты тұтынылған су көлемін есепке алу мен төлем жүргізуге дейінгі барлық кезеңді біріктіреді. Жүйе деректердегі алшақтықтарды болдырмауға, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға, адами фактордың әсерін азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлуде және су пайдалану төлемдерін есептеуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Түркістан облысындағы аудандарда жаңа биллинг ақпараттық жүйесі пилоттық режимде енгізіліп жатқанын жазған едік.