Былтыр 1,1 млрд теңгеге үй салған әкімдік биыл тура сондай үйге үш есе көп ақша жұмсамақ болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда антикордың араласуымен салынып жатқан көпқабатты екі үйдің құны 3,7 млрд теңгеден 2 млрд теңге дейін төмендетілді. Бұған дәл осындай баспананың былтыр ғана 1,1 млрд теңгеге салынғаны негіз болған.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік құзырет шеңберінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуына мониторинг жасайды.
«Павлодар облысында Ақсу қаласы құрылыс бөлімі жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге 9 қабатты көппәтерлі екі тұрғын үй салуды жоспарлады. Бұл ретте 2023 жылғы қараша айында ұқсас құрылым 1,1 млрд теңгеге тұрғызылды. Бағаны қайта қарау нәтижесі бойынша құрылыстың жалпы құны 2 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Осылайша құрылыс құнының 1,7 млрд теңгеге қымбаттауына жол берілмеді», -деп мәлімдеді антикор қызметінен.
Тұрақты мониторинг нәтижесінде республика бойынша жалпы сомасы 30 млрд теңгеге бағаның негізсіз көтерілуіне жол берілмеді.
Жоба басталғаннан бері (2020 жылдан) шамамен 171 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген.