Былтыр Алматыда өртке қатысты 129 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Былтыр Алматыда өрт қаупі жоғары кезеңде 300 өрт тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин мәлім етті. 

Жауапкершілікке тартылды
Фото: mangystaumedia.kz

«Өткен жылы қала аумағында жалпы ауданы 13 гектар жерде құрғақ өсімдіктердің жануының 300 жағдайы тіркелді. Негізгі себептер тұрғындардың отпен абайсыз жұмыс істеуі және тұрмыстық қоқыстардың әсерінен құрғақ шөптесіндердің өздігінен жануы болды», - деді спикер.

Айтуынша, полиция департаменті және орман шаруашылығы мекемелерінен құрылған мобильді топ 161 рейд жүргізген.

«Соның аясында 11 мыңнан астам азаматқа нұсқау берілді, 228 от жағу әрекетінің жолы кесілді, 129 адам жалпы сомасы 7 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Константин Канин.

Спикер таулы-орманды жерлерді патрульдеу және бақылау үшін екі ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылатынын жеткізді.

«Департамент орман өрттерін ерте анықтау мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Медеу» табиғи паркі оптикалық-сенсорлық қондырғылар мен үш жылу бейнелеу камерасы арқылы өрт және түтіндену ошақтарын ерте анықтау бойынша орталықтандырылған бейнемониторинг жүйесін орнату бойынша жұмыстар жүргізді. 2024 жылы Іле Алатау ұлттық паркінде орталықтандырылған бейнемониторинг және ерте анықтау жүйесін орнату жоспарда», - деді ол. 

Еске салсақ, Алматы облысында пластикалық терезе шығаратын цех өртенгенін хабарлаған болатынбыз.