Былтыр батыстағы 3 облыста браконьерлерге 29,2 млн теңге айыппұл салынған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында былтыр браконьерлерге 29,2 млн теңге айыппұл салынған. Айыппұлдың 25,4 млн теңгесі бюджетке төленген.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілі Олег Тушкановтың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы браконьерлік және балық қорын қорғау заңнамасын бұзумен байланысты 2 200-ден астам құқық бұзушылық анықталған.
– Инспекция қызметкерлері өрескел заң бұзушылық белгілері бар 141 хаттаманы сотқа жолдады. Ал қылмыстық белгілермен 13 тұлғаға қатысты 10 іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Заң талабын бұзушыларға 29,2 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 25,4 млн теңге ел бюджетіне қайтарылды. Балық қорына 6,8 млн теңге залал келтірген 29 адам жазаға тартылды, -деп хабарлады Олег Тушканов.
Оның дерегіне сүйенсек, заңсыз айналымнан 4 тонна 638 келі балық тәркіленген. Оның ішінде 383 келі бекіре тұқымдас балық түрлері бар. Заңсыз балық аулаушылардан 2 800-ден астам аулау құралы, 100-ге жуық көлік алынған.
– Былтырғы көктемгі тасқын кезінде жайылмаға шыққан судан балық шабақтарын құтқару қолға алынды. Мәселен, инспекция мамандарының көмегімен Атырау облысында 104,5 млн, ал Батыс Қазақстан облысында 26,3 млн шабақ құтқарылып, табиғи ортасына жіберілді, -деп мәлім етті Олег Тушканов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау экологтері былтыр табиғатты бүлдіргендерге 44,8 млрд айыппұл салғанын хабарлаған болатынбыз.