Былтыр бюджет кірісіне теріс әсер еткен салалар аталды

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр экономиканың өсіміне құрылыс, тау-кен өнеркәсібі әсер етті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті.

Былтыр бюджет кірісіне теріс әсер еткен салалар аталды
Фото: Kazinform

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономика 6,5 пайызға өсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайызды құраған еді. Өсімге көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары негіз болды. Бұл ретте инфляциялық қысым сақтала отырып, 12,3% деңгейінде қалыптасты. Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде қалыптасса, жұмыссыздық деңгейі жыл бойы тұрақты 4,6% құрады. Мемлекеттік борыш белгіленген деңгейде тұр. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің 22,8 пайызын немесе 36,4 трлн теңгені құрады, — деді М. Такиев.

Сонымен қатар ол Ұлттық қордың активтері 2025 жылдың аяғында 73,8 млрд АҚШ долларына жеткенін, оның ішінде валюталық қордың активтері 63,9 млрд АҚШ долларын құрады.

— Біріншіден, республикалық бюджеттің кірістері, жоспардан 99 пайызға орындалып, 21,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері трансферттерді есептемегенде, 17,5%-ға өсіп, 15,3 трлн теңгеге жетті. Жалпы жоспар 336 млрд теңгеге орындалмады, — деді министр.

Оған келесі бірнеше объективтік факторлар әсер етті:

— мұнайдың орташа бағамының 6 АҚШ долларына төмендеуі — болжамды 75 доллардан 69 долларға дейін түсуі;

— экспорт көлемінің 1,7 млрд АҚШ долларына төмендеуі;

— геосаяси жағдай мен 134 ірі кәсіпорыннан түсетін салық төлемдерінің 709 млрд теңгеге немесе 36% төмендеуі әсер етті.

— Жоспардың толық орындалмауына қарамастан, өткен жылғы оң өзгерістерді атап өткен жөн. Мәселен, республикалық бюджеттің меншікті кірістері 2024 жылмен салыстырғанда 1,8 трлн теңгеге өсіп, өсу қарқыны 113,2% құрады. Салықтық түсімдері 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5% өсті, — деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаржы министрлігі былтыр бюджет тапшылығы ненің есебінен қаржыландырылғанын түсіндірді.