Былтыр диқандар 300 млрд теңге шығынға ұшырады, жаңа Үкімет осы мәселені шешеді деп үміттенеміз — «Ауыл»
АСТАНА. KAZINORM — Жаңа Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің проблемалық мәселелерін шешеді деп үміттенеміз. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев айтты.

«Негізгі басымдықтың бірі — агроөнеркәсіп кешені мен сауданы дамыту деп атап өткен тапсырмаңызға сәйкес Ауыл партиясы Үкіметтің алдына бірінші кезекте ауыл тұрғындарын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенін толғандыратын мәселелерді қойған еді. Біз партияның ұстанымы әрқашан Президент тапсырмаларымен сәйкес келетініне ризамыз. Диқандарымыз былтыр ерекше қиын жағдайға тап болып, кем дегенде 300 млрд теңгеге жуық шығынға ұшырады. Сол кезде Ауыл партиясы Үкіметке сауал жолдады. Өкінішке қарай, құлақ аспады», — деді «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
Оның атап өтуінше, өткен жылы шаруаларға көп қиындық туғызған мәселелер енді жаңа Үкіметке өтеді.
«Жаңа Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің проблемалық мәселелерін шешеді деп үлкен үміт артамыз. „Ауыл“ партиясы әрқашан сындарлы, конструктивті позиция ұстанған, сондықтан да бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынып отырған Премьер-Министр кандидатурасын біздің партия бірауыздан үлкен сеніммен қолдайды. „Ауыл“ партиясы жаңа Премьер-Министр мен жаңа Үкімет мүшелері Президентіміздің тапсырмаларын дереу орындайтын және Парламент депутаттарының, оның ішінде 8 миллионға жуық ауыл тұрғындарының мүддесін қорғайтын партия депутаттарының ұсыныстарын ескеретін, құлақ асатын, қажет шешімдерді тез қабылдайтын, ықпалды Парламентке есеп беретін мықты Үкімет болады деп үміт артамыз», — деді ол.