Былтыр Қазақстан макроэкономикалық теңгерімді жақсарта алды – Ұлттық банк

 ҚР Ұлттық банкі
Фото: ҚР Ұлттық банкі

АСТАНА. KAZINFORM – Көптеген елдер инфляция таргетіне 2025 жылдан ерте орала алмайды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

«2023 жылы жаһандық экономиканың баяулағанына қарамастан, Қазақстан макроэкономикалық балансты жақсарта алды. Экономика қарқыны өсті, инфляцияны айтарлықтай төмендеттік. Былтыр әлемде макроэкономикалық жағдай геосаяси шиеленістерге, сауда мен инвестицияның әлсіз өсуіне байланысты белгісіздік әсерімен дамыды. Әлемдік экономикалық өсім Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша 3,5 пайыздан 3,2 пайызға дейін баяулады. Әлемдік сауданың өсуі әскери қақтығыстар мен геосаяси шиеленіс себебінен жаһандық саудадағы шектеулерге байланысты 0,3 пайызға дейін баяулады», - деді Т. Сүлейменов.

Оның айтуынша, жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар 1,4 трлн долларға дейін немесе 3 пайызға аздап өсті.

«Сонымен бірге, былтыр дүниежүзіндегі инфляция 8,7 пайыздан 6,8 пайызға дейін төмендеді. Осы жылға Халықаралық валюта қоры жаһандық инфляцияны 5,8% деңгейінде қарастырып отыр. Инфляция көптеген елдерде баяулағанына қарамастан, орталық банктердің таргеттерінен жоғары болып, қатаң саясат жүргізуді қажет етіп отыр. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша көптеген елдер инфляция таргетіне 2025 жылдан ерте орала алмайды», - деді ҰБ басшысы.

Соңғы жаңалықтар
telegram