Былтыр Қазақстанға ресми сапармен келген Нусрат Гани жаңа қызметке тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак қорғаныс министрінің орынбасары Джеймс Хиппи қызметінен кеткен соң үкімет құрамын өзгертті.

Нусрат Гани
Фото: members.parliament.uk

Д.Хиппидің орнына бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас орнатуға жауапты Лео Докерти тағайындалды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне бұған дейін бизнес және сауда жөніндегі мемлекеттік министр қызметін атқарған Нусрат Гани тағайындалды.

Нусрат Гани өткен жылдың қараша айында Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының отырысына қатысу үшін елімізге келіп, осы жылдың наурыз айында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы маңызды пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастық Жол картасына қол қойды.