Былтыр МӘМС-ке шағымымданушылардың саны 14%-ға артқан

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы қазақстандықтардың Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық қызметтер сапасына шағымы артқан. Бұл туралы аталған қордың басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов мәлім етті.

мәмс
Фото: total.kz

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту 1%-ға яғни 370 мың адамға артты. Жыл ішінде МӘМС-ке түсім 11%-ға (120 млрд теңге) көбейсе, ал инвестициялық кіріс 46 млрд теңгеге немесе 1,7 есе артып отыр. Сондай-ақ, медициналық көмекті қаржыландыру 15%-ға (423 млрд теңге) ұлғайды. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер өсімді көрсетеді, бірақ, саланың қазіргі шынайы жағдайын көрсетпейді», - деді Әбілқайыр Сқақов Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Одан бөлек, қор басшысы МӘМС саласындағы проблемаларға тоқталып өтті.

«МӘМС қызметіне пациенттердің шағымы да көбейді. Өткен жылы шағымдар көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 14%-ға артты. Медициналық қызметтер нарығында бәсекелестікті арттыру мен олардың жалпы сапасын жақсарту арасында байланыс жоқ. Бүгінде медициналық қызметтердің 64%-ын жеке емханалар көрсетеді. Атап айтқанда, гемодиализ – 77%, консультациялық-диагностикалық көмек – 59%, оңалту – 50%. Өкінішке қарай, бизнес жоспарлы көмек көрсетуге ұмтылады, бірақ әлеуметтік мәні бар медициналық бағыттарға бармайды», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар