Былтыр Маңғыстауға 390 мыңнан астам турист келген

АҚТАУ. KAZINFORM – Аймақта жағажай туризмі қарқынды дамып келеді. Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр өңірге 390 мыңнан астам турист келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 125,8 пайызға көп. Туристтерге 15 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген. Бұл туралы Маңғыстау облыстық туризм басқармасы хабарлады. 

туризм
Фото: Туризм басқармасынан

Басқарма берген ақпараттарға сәйкес, аймақта туристтерге арналған нысандардың саны 100-ден асты. Бұл бұрынғыға қарағанда 2 пайызға көп. Соның ішінде 589 миллион теңгенің 2 ірі инвестициялық жобасы бар. Олар – Мұнайлы ауданындағы «Эко-Otel» қонақүйі және Түпқараған ауданындағы «Caspiy Life» демалыс базасы. Аталған туристік нысандарда 25 жаңа жұмыс орны ашылған. 

Ал, биыл Ақтауда «жылы жағажай» аумағында 100 миллиард теңгенің 3 жобасы іске қосылады деп күтілуде. Нәтижесінде 150 жұмыс орны құрылмақ. Олар – гольф-клуб, виллалары бар гольф-қонақүй, сауда қатарлары және виллалар мен пәтерлер кешені құрылысының екінші кезеңі.

Маңғыстау
Фото: Туризм басқармасынан

2025-2027 жылдар аралығында Маңғыстауда туризм саласында тағы 12 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар – аквапарктер, визит орталық, оқу-сауықтыру орталығы және қонақүй кешендері. Бұл жобалар іске асқанда, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беріп, туристердің қызығушылығы одан әрі арта түспек. 

Құзырлы мемлекеттік органның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда туризм саласындағы бизнес субъектілерін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жетіп артылады. Қазір кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетіледі, туризм инфрақұрылымын дамытуға субсидиялар беріледі. Сондай-ақ туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген несие қарастырылған.