Былтыр шетелдік туристер Қазақстанда 2,3 млрд доллар қалдырған

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында елдегі туристік компаниялардың бір жылда қанша салық төлегенін мәлім етті.

туризм
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

«Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша ресми тіркелген турагенттіктер мен туроператорлардан бюджетке түсетін салықтық түсімдер өткен жылдың қорытындысы бойынша 14,3 млрд теңге болды», — дейді министрліктен.

Ведомство мәліметінде былтыр елге 9,2 млн қонақ келгені айтылады. Алайда соның тек 1,1 миллионы қонақ үй қызметін пайдаланған.

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 9,2 миллионнан астам шетелдік қонақ келді. Оның ішінде 1,1 миллионға жуығы отандық орналастыру орындарында (қонақ үйлерде) қызмет алған. Бұл ретте Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, „Сапарлар“ бабы бойынша қызметтер экспорты 2,3 млрд АҚШ доллар болды. Бұл көрсеткіш Қазақстанда шетелдік келушілер сатып алған тауарлар мен қызметтерді қамтиды», — делінген ведомство жауабында.

Соңғы жаңалықтар