Былтыр желтоқсанда қызылшадан екі сәби қайтыс болды – министрлік
2023 жылдың желтоқсан айында қызылшадан қайтыс болу фактісі тіркелді, екеуі де айлық сәби. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Әйгерім Оспанова мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Өткен жылы желтоқсанда қызылшадан балалар өлімінің екі жағдайы тіркелді. Соның бірі ШҚО-да болды, 6 айлық бала көз жұмды. Алғашында ата-анасы баланы ауруханаға жатқызудан бас тартты. Уақыт өте келе сәбидің жағдайы нашарлап, дерт асқынып кеткен. Айта кету керек, ШҚО-дағы баланың анасы вакцина алмаған», - деді Әйгерім Оспанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік өкілінің айтуынша, сәбидің өлімі қызылшадан болғаны медициналық-сараптамалық тұрғыдан расталды.
«Екінші жағдайға келсек, ол — 4 айлық сәби. Бала өте ауыр жағдайда қабылданды. Бүгінгі таңда сараптамалар жүргізіліп, қызылша диагнозы расталды», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда қызылша жұқтырған төрт бала жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.