Былтыр жылусыз қалған Риддер қыс маусымына дайын ба – әкім есебі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев есептік кездесуінде былтыр жылусыз қалған Риддер қаласының қазіргі дайындық жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Ермек Көшербаев
Фото: ШҚО әкімдігі

«Өткен жылыту маусымы Риддер ЖЭО-дағы апаттан басталды, онда қаланың 50 мың халқы жылусыз қалды. Мемлекет басшысы жылу электр станцияларының үздіксіз жұмысын және жылу беру маусымына дайындықты қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берді. Үкіметтің қолдауымен өте қысқа мерзімде біз Риддер ЖЭО-да 6 қазандық агрегатына жөндеу жүргізіп, жылыту маусымын уақытылы бастадық», - деді Е. Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 16 мердігер ұйым жұмылдырылды, 500-ден астам адам тартылды, олар 2 ауысымда тұрақты жұмыс істеді.

«Қазір Риддер қаласының тұрғындары жылумен, сумен, электрмен қамтамасыз етілген. Қазір 2 орта қысымды қазандық агрегаты мен 1 резервте жұмыс істеп жатыр, қалған 3 жоғары қысымды қазандық бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде, олар желтоқсан айының ортасына дейін аяқталады. 12 қазанда Риддер ЖЭО қалалық коммуналдық меншікке қабылданды», - деді ол.

Сонымен қатар, «Қазмырыш» кәсіпорнын энергиямен жабдықтау қалпына келтірілген.

«Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарының форумында Энергетика министрлігі Өскеменде ЖЭО салатынын жариялады. Бұл біз үшін жақсы жаңалық. Өскеменде қаланың сол жағалау бөлігінің жаңадан салынып жатқан аудандары үшін қосымша жылу энергиясы көзі қажет (232 Гкал/сағат тапшылық бар)», - деді Ермек Көшербаев.