Былтыр жолаушыларды заңсыз тасымалдаған 4 333 жүргізуші жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік органдар интернет-агрегаторлармен бірлесіп, таксимен тасымалдаушылардың қызметін реттеудің қосымша тетіктерін пысықтап жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.

қарызы бар жүргізуші
Фото: Түркістан облысы полиция департаменті

- Қазіргі уақытта еліміздің автомобиль жолдарында жолаушылар тасымалына бақылау күшейді. «Қауіпсіз жол», «Қауіпті жүргізуші» және «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шаралары үнемі өткізіліп тұрады, олардың барысында көптеген құқық бұзушылықтар, соның ішінде заңсыз тасымалдау (сондай-ақ қалааралық тасымалдау) фактілері тіркеліп отыр. 2025 жылы аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша жолаушыларды заңсыз тасымалдағаны үшін 4 333 жүргізуші, қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу және такси қызметтерін көрсету мақсатында мазалап өтініш білдіру фактілері бойынша 16 797 адам әкімшілік жауапқа тартылды,- деді бірінші вице-премьер.

Оның атап өтуінше, заңнамаға сәйкес, таксимен тасымалдаушы ретінде қызметтің басталуы хабарлама жасау сипатында болады. Бұл ретте тасымалдаушылар үшін ерекше талаптар көзделген. Атап айтқанда міндетті медициналық тексерулер, еңбек және демалыс режимін сақтау, сондай-ақ жолаушыларды сақтандыру талаптары бар.

- Сонымен қатар жолаушылар тасымалына бақылауды күшейту мақсатында мемлекеттік органдар интернет-агрегаторлармен бірлесіп таксимен тасымалдаушылардың қызметін реттеудің қосымша тетіктерін пысықтауда, - деді Роман Скляр.

Айта кетейік, Алматы мен Астанада жүргізушісіз такси жобасы іске қосылды.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум