Binance ұрланған активтерден келген шығынның 90%-ын өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Binance криптовалюта биржасы хакерлік шабуыл салдарынан ұрланған қаражаттың 90%-ын өтеді. Bitcoin, Ethereum, Solana және XRP активтері толық қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Биржа мәліметінше, қазіргі уақытта BTC, ETH, USDT, BNB, SOL, USDC, XRP, USD1, RLUSD және ZEC активтері 100% көлемінде қамтамасыз етілген.
Binance жетіспейтін токендерді нарықтық және биржадан тыс арналар арқылы сатып алуды жалғастырады. Мақсат – әр актив бойынша өтемақы көлемін 100%-ға жеткізу. Компания ұрланған қаражатқа байланысты қаржылық шығындарды өзі көтеретінін мәлімдеді.
Еске салайық, криптобиржа 29 қазанда хакерлік шабуылға ұшырағанын хабарлаған. Келтірілген шығын 6,3 млрд долларға жетуі мүмкін. Компания клиенттерінің депозиттеріне қауіп төнбегенін және оларға әдеттегідей қол жеткізуге болатынын мәлімдеді.
Шабуылдан кейін биржа қаражат енгізу және шығару операцияларын уақытша тоқтатқан. Оларды екі тәулік ішінде қалпына келтіру жоспарланған.
Блокчейн саласындағы серіктестермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде зардап шеккен активтердің бір бөлігі бұғатталды. Қазіргі уақытта блокчейн желісінің өзінде шамамен 3 млрд долларлық активке қол жеткізу шектелген.
Айта кетейік, бұған дейін Binance криптобиржасы 2,5 млрд доллардың цифрлық активін бұғаттағанын жаздық.