Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Биологиялық белсенді қоспаларды сатып аларда оның заңды екенін қалай тексеруге болады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды міндетті таңбалау енгізіледі. Жаңа жүйе ББҚ-ның өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап соңғы сатып алушыға дейінгі айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті. 

БАДы
Фото: freepik

Комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Сәдуақасовтің мәліметінше, міндетті таңбалау 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін өндірілген және қолданыстағы мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі бар ББҚ-ға қатысты болады.

— Өнімнің әрбір данасына Data Matrix бірегей цифрлық коды беріледі. Ол тауардың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап соңғы сатып алушыға дейінгі бүкіл жолын бақылауға мүмкіндік береді. Меншік құқығы берілген немесе өнім бір қоймадан екіншісіне ауысқан сайын код сканерленіп, ақпарат бірыңғай цифрлық дерекқорға енгізіледі. Ал өнім дүкенде сатылған кезде Data Matrix коды кассада сканерленіп, оның сатылғаны жүйеде автоматты түрде тіркеледі, — деді спикер.

Комитеттің түсіндіруінше, таңбалау жүйесінің негізгі мақсаты — тауар айналымын ашық ету, есепке алынбаған өнім мен «сұр» импорттың жолын кесу. Жиналған деректер тауар айналымындағы өзгерістерді бақылауға және салықтан жалтару схемаларын анықтауға мүмкіндік береді.

Алайда Data Matrix кодының болуы өнімнің сапасына кепілдік бермейді.

— Қазіргі уақытта таңбалау тауардың сапасын анықтау құралы емес, ол ең алдымен нарықты заңдастыруға бағытталған. Болашақта таңбаланатын өнімнің рұқсат құжаттары мен сәйкестік сертификаттарын тікелей байланыстыру үшін жүйені Техникалық реттеу және метрология комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланып отыр, — деді Нұрлан Сәдуақасов.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 10 шілдедегі бұйрығымен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалауда қолданылатын бақылау (сәйкестендіру) белгісі мен сәйкестендіру құралының шекті құны белгіленгені хабарланды.