Биологиялық белсенді қоспалардың зияны мен пайдасы туралы қайдан білеміз
АСТАНА. KAZINFORM - Тағамға биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) мамандандырылған тамақ өнімдеріне жатады және дәрілік зат болып есептелмейді.

Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, ББҚ тағам ретінде тамақ өнімдері қауіпсіздігінің гигиеналық талаптарына -Кеден одағының «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» және «Тамақ өнімдерін таңбалауға қатысты» техникалық регламенттерінде белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Ішкі нарықта тұтынушыға сатылуға ұсынылған барлық ББҚ қауіпсіз болуы қажет.
- Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен берілетін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік құжатының болуы ББҚ қауіпсіздігін растау болып табылады. ББҚ-лардың мемлекеттік тіркеуден/қайта тіркеуден өткізуді біздің республикамызда Денсаулық cақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық комитеті жүзеге асырады. Сізді қызықтыратын ББҚ-дың тіркеуін комитеттің сайтынан, сонымен қатар «ҚР өнімдерін (тауарларын) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер тізімінде» бөліміндегі бірыңғай тізілімнен табуға болады, - дейді маман.
Мамандандырылған тамақ өнімдерінің бірыңғай тізілімінің мәліметтері жалпыға қолжетімді болып табылады және күн сайын жаңартылған интернет желісіндегі арнайы іздеу серверінде орналастырылады. Сол себептен, барлық ББҚ-ларды елге әкелу және өткізу (сату) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктері немесе мемлекеттік тіркеуге беру туралы мәліметтер болған кезде жүзеге асырылуы керек.
- Биологиялық белсенді қоспалардың зияны мен пайдасы туралы әркім білуі керек. ББҚ-ларда табиғи немесе табиғи биологиялық белсенді заттармен бірдей компоненттер бар. Олар адамның күнделікті қолданатын асын байыту және денсаулықты жақсарту үшін немесе мақсатты түрде (мысалы, салмақ жоғалту үшін) қолданылады. Астана қаласында сатылатын ББҚ-айналымын бақылауды қамтамасыз ету бойынша lепартаментпен бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет - ресурстарды, әлеуметтік желілерді күнделікті байқау арқылы мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуы және ЕАЭО-ның мамандандырылған тамақ өнімдерінің бірыңғай тізілімінде тіркелгені туралы мониторинг күнделікті жүргізіледі және бұзушылық табылған ББҚ-ны жарнамалайтын және сататын жарнама берушілерге мемлекеттік тіркеу туралы куәліксіз олар таратылмауы, яғни, сатылмауы тиіс екендігі туралы ұсыныстар беріледі. Сол себептен Астана қаласының Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұтынушыны, ББҚ сатып алмай тұрып оның Кеден одағының сайтында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде тіркелгені немесе тіркелмегені туралы тексерудің қажеттілігін ескертеді. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген ББҚ-ларды сатуға жол берілмеуі қажет, - дейді Мұхамғали Арыспаев.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастырудың жаңа тәсілін ұсынғанын жазған болатынбыз.