Биологиялық қоспаларды ҚР-дан Ресейге заңсыз алып өткен ерлі-зайыптылар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

«Қазақстаннан құрамында сибутрамин қоспасы бар арықтауға арналған биологиялық белсенді қоспалар жеткізетін канал жабылды», - делінген хабарламада.
Сибутрамин адамның бойында тою сезімін күшейтетіндіктен семіздікті емдеуде жиі қолданылады. Оның кері әсері көп болғандықтан, препаратты тек дәрігердің бақылауымен ғана қабылдау қажет.
«Сибутрамин күшті әсер ететін улы заттар қатарына жатады және оны РФ аумағында еркін саудалауға тыйым салынған. Құрамында сибутрамині бар дәрілерді тек дәріханалардан ғана сатып алуға болады», - дейді басқарма өкілі.
«Күдіктілер Внуково әуежайының терминалында қолға түсті. Сахалин облысында тұратын 40 жастағы азамат Алматыдан келген салмағы 53 келілік сәлемдемені алып жатқан жерде құрықталды. Сәлемдемеден сибутрамині бар биологиялық белсенді қоспалар табылды», - деді ол.
Тауар, оның бағасы мен жеткізу шарттары туралы мәлімет қылмыстық топтың сайтында орналасқан.
«ББҚ Мәскеу аумағына курьерлер арқылы, өзге өңірлерге «Ресей поштасы» арқылы жеткізіліп келген. Ұйымдастырушының зайыбы, Хабаров өлкесінің 44 жастағы тұрғыны диспетчер-кеңесші рөлін атқарған. Тапсырыстар қабылдап, ББҚ құрамы мен пайдалану тәсілдері туралы мәлімет беріп отырған әйел де қамауға алынды», - дейді басқарма өкілі.
Бұрын да осыған ұқсас препараттарды сатумен айналысқаны үшін полицейлердің назарына іліккен ерлі-зайыптылар сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.