Биологтар жыртқыш құстар тырнақтарының мақсатын анықтады
АСТАНА. Желтоқсанның 2-сі. ҚазАқпарат - Биологтар жыртқыш құстардың өз тырнақтарын қалайша пайдаланатынын анықтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Лента.ру сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытқа дейін тырнақтардың жұмыс істеу тетіктері нашар зерттеліп келген болатын.
Зерттеу аясында биологтар құстардың 24 түрінің тырнақтарына салыстырмалы сараптама жүргізді. Бұл үшін олар жыртқыштардың өз құрбандарына шабуыл жасаған 170-тен астам бейне-жазбаны пайдаланды.
Нәтижесінде олар, мысалы, қырандардың бірінші және екінші саусақтарындағы екі үлкен тырнақтарды анықтады. Бұл тырнақтар жыртқышқа құрбаны жанталасып босануға әрекет етіп жатқанда, оны тырп еткізбей ұстап тұруға мүмкіндік береді: мәселе, бұл құстардың өз жемтігін жаны шықпай жатып-ақ жұлмалап жей бастайтынында болып отыр.
Үкілердің тырнақтары біршама қысқа және олардың бірі артқа қарай қайырылған болып келеді. Құстар жемтігін сығымдау және өлтіру үшін қарама-қарсы екі тырнағын пайдаланады. Қаршығалардың да тырнақтары мөлшер жағынан ерекшеленеді - бұл құстар құрбандарын тұмсықтарымен жерге соққылап ұрып алғанды қалайды.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа зерттеулер құстарды зерттеумен айналысатын ғалымдар үшін ғана емес, өзгелерге де пайдалы болмақ. Жаңа зерттеулер жақын туыстары құстар болып келетін динозаврлардың құрылыстарын зерттеумен айналысатын палеонтологтарға да әбден жарап қалуы ғажап емес.