Biometric жобасы Швейцарияда өтетін стартап саммитінде Қазақстан намысын қорғайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Seedstars Summit CEE 2019 өңірлік конкурсының жеңімпаздары белгілі болды. Бұл жөнінде «Астана Innovations» баспасөз хатшысы Әсел Әлімханова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Biometric жобасы Швейцарияда өтетін стартап саммитінде Қазақстан намысын қорғайды

Орталық, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядан барлығы 8 жеңімпаз таңдалды. Олар: Biometric, Қазақстан – адамның бетін тану технологиясына негізделген қолма-қол жылдам несие беретін банкоматтар

- Lingwing, Грузия – интерактивті платформа, ол арзан шешімнің көмегімен адамдардың қарым-қатынас жасау дағдыларын 4-5 есе жылдам игеруге мүмкіндік береді;

- iHotel LLC, Моңғолия - компания дәстүрлі қонақүйлерді HIP шешімдері арқылы желіге қосылатын заманауи цифрлық объектілерге айналдырады;

- StudyFree, Ресей – әлемнің ЖОО-на түсуге арналған онлайн-платформа;

- Jeff, Латвия – телефон метадеректерін, байланыс ақпаратын, геолокацияны, жүріс-тұрыс үлгілерін және үшінші тұлғалардың деректерін кредиторлармен салыстыра отырып, талдайды;

- Velvioo, Армения – қалалардағы мобильділік жөніндегі шешімдерді басқарады, сондай-ақ қалалар мен кәсіпкерлерге мобильділік жөніндегі өз ұсыныстарын іске қосуға мүмкіндік береді;

- Skyworker, Украина – бұл технологиялық компанияларға интернетте меншікті технологиялық қауымдастықтар құра отырып, қызметкерлерді 3 есе жылдам және 2 есе арзан жалдауға мүмкіндік беретін платформа.

«Енді қатысушы командалар әлемнің 60-тан астам стартаптарымен бірге өз идеяларын Швейцарияның Лозанна қаласында басты сахнада көрсетуге және акционерлік капиталға 500 мың АҚШ долларына дейін инвестиция жеңіп алуға мүмкіндік алады», - деп жазды Әсел Әлімханова Facebook-тегі парақшасында.

Елордада өткен Seedstars Summit CEE-ге әлемнің 20 елінен 250-ден астам қатысушы келді. Онда барлық мүдделі тараптар бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, өздерінің компаниялары туралы сөз қозғады.

Айта кетерлігі, Seedstars – дамушы нарықтардағы озық стартап-қауымдастық және инвестор, Нұр-Сұлтанды ресми түрде 20 мен 22 қараша аралығында Seedstars Summit CEE 2019 өткізу орны ретінде таңдаған. Саммит Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің, Astana Innovations қолдауымен өткізілді.