Биоотын нарығын дамытуға арналған ғылыми зерттеулерге бюджеттен 273 млн. теңге қарастырылған

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Биоотын нарығын дамытуға арналған ғылыми зерттеулерге бюджеттен 273 млн. теңге қарастырылған.
None
None
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жобаны талқылау барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа сауал қойған депутат Розақұл Халмурадов құжатты қабылдағаннан кейінгі туындайтын мәселелерге назар аударды. Депутаттың айтуынша, заң жобасы бойынша биоотын нарығын дамытудың басым бағыттарын зерделеу жөніндегі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға 2009-2012 жылдар аралығында 273 млн. теңге қаржы жұмсалады екен. «Бүгінгі дағдарыс кезеңінде осындай шығындарға бару қажет пе? Сонымен бірге, Қазақстан жылына 70 млн. тонна мұнай өндіреді, ал біздің ішкі нарық сұранысы 10 млн. тонна шамасында. Ендеше, мұнайлы мемлекет бола тұра, биоотынға қажеттілік қанша? Жалпы, бүгін азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін күнделікті талқылайтын болдық. Сонда елімізде бұл проблема бар кездің өзінде, тамақ шикізатынан, астықтан биоотын шығару қаншалықты өзекті болып отыр?», - деді Р. Халмурадов. Депутат сауалына жауап бере келе министр А. Күрішбаев биоотын саласында ғылыми жұмыстарды жүргізу заман талабы екендігін атап өтті. Оның айтуына қарағанда, биоотын нарығы болашақта, әсіресе, мұнайға баға шарықтаған кезеңде тиімді өндіріс саласына айналады. «Дегенмен де, біз алдағы уақытта биоотынды азық-түлік өнімдерінен емес, қалдықтардан, әсіресе, өсімдік қалдықтарынан алуға мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек. Ғылыми зерттеу шараларының басым бағдары осыны қамтитын болады. Сонымен бірге, заң жобасында биоотынды дамыту жайы ғана емес, биоотын өндірісін шектеу мәселелері де көзделіп отыр. Шындығында да, әлем елдерінде биоотын нарығының дамуына орай, азық-түлік тапшылығы қалыптасқан жағдай да орын алған еді. Осы мәселені ескере отырып, заң арқылы биоотынға сапалы азық-түлікті жұмсауға тиым салып, оның бақылауды жүзеге асыру қарастырылады», - деді А. Күрішбаев.
Соңғы жаңалықтар